Қазақстан • 09 Қараша, 2018

Қостанай жолдарында  жолаушыға уайым жоқ

238 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қостанай жолдарында  жолаушыға уайым жоқ

Қостанай облысындағы басты күретамыр жолдармен жүретін жолаушылар қиындықты аса уайымдамайды. Өйткені, олар өзіне келетін көмекті білетін болған. Аудандарға зат таситын жүргізуші Владимир Ращупкин оны өз тәжірибесінен көріп жүр. Жақында тал түсте Қостанай-Әулиекөл тас жолымен ауданға жүк апара жатқан «Фольксваген» машинасының доңғалағы жарты жолда істен шықты. Өзінің машина қорабында жатқан құралы сәйкес келмей, аңтарылып тұрып қалды.

«Жолаушы машиналардың ешқайсысы «не болды?» деп кідіруді білмейді, зуылдап өтіп жатыр. Мүмкін мен ауырып тұрған шығармын? Мен осы жолда жүргеніме талай жыл болды. Жүргізушілер өтінсе, ылғи тоқтап, көмектесемін. Ешкімнің тоқтамағанына ренжіп тұрғанмын. Осы жолда кезекшілік атқарып жүрген полицейлер келе қалды. Олар екі сөзге келген жоқ, доңғалақты ауыстырып берді» дейді Владимир Ращупкин.

Полиция департаментінің Жол-патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері Жанат Құлманов пен Аслан Сейдахметовтың техникалық білімі көп пайдаға асып жүр. Оларға машинаны тексеріп, доңғалағын ауыстырып беру қиынға соқпайтын іс. Полицейлердің машинасында «домкрат» құралы жатады. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деген, ол осылай пайдаға асып кетеді. Бұл ұсақ-түйек емес, сауда ұйымы өкілінің машинасында тез бұзылатын, ауылдағылар күтіп отырған қанша зат бар еді.  Жүргізуші алғысын айта-айта ауданға жүріп кетті.

Нәзира Жәрімбет,

«Егемен Қазақстан»

Қостанай